Алматыда бір-бірін қайталайтын көше атаулары жаппай ауыстырылмақ

Алып шаһардағы 2 мыңнан астам көшенің негізгілері қала аумағының ұлғаюына, яғни жаңа елді-мекендердің қосылуына байланысты жиі қайтануда. Бүгінде осындай 165 көше бар екен. 

– Бұл Абай даңғылы. Алматы орталығындағы ең ірі көшелердің бірі. Мамандардың айтуынша қазақтың біртуар азаматының есімін арқалаған көшелер оңтүстік астанада жетіп артылады.Солардың бірі дәл осы көше. Аты бір болғанымен заты мүлдем басқа. Орталық даңғылға қарағанда Алматының шеткі ауданында орналасқан осы көше әлдеқайда тар, әрі көлік қозғалысы да аздау болып келеді. Ал Абай Құнанбаевтың есімін арқалаған көшелер саны Алматыда төртеу.

Осыған ұқсас жағдай Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров пен Жамбыл Жабаев атындағы көшелерде де кездеседі. Бұдан өзге Алматыда атауы ескірген 50-ден астам көше бар екен. Сондықтан жақын арада Революционный, Красноармейский деген атаулардан арылу жұмыстары жүзеге аспақ.

Қаладағы жедел жәрдемнің диспетчерлік бөліміне күніне 5 мыңға жуық қоңырау түседі. Шақырту алған дәрігерлер GPS құрылғыларды пайдаланғанымен, берілген ақпарат бойынша науқасқа барар жолда адасатын кездер жетерлік.

Павел Бурда, Алматы қалалық жедел-жәрдем станциясы ақпарат бөлімінің меңгерушісі:


-Көше атауы мен оның қай жерде орналасқанын дұрыс білмегендіктен жедел-жәрдем жіберу кезінде қиындық туындайды. Себебі аталуы бірдей көше қаланың екі тұсында болатын кездер бар. Сондықтан бір жүйеге келтірілгені дұрыс.

Көше аттарын өзгертумен айналысатын арнайы комиссия өз жұмысын бастап та кетті. Қазір олар тақтайшалардың қай ауданнан бастап ауыстыратынын нақтылауда. Ал атауы қайталанатын көшелер санының артуы салынған мораторий мен қала аумағының ұлғайғандығына байланысты болыпты.

Өтепберген Қалабай, Алматы қаласы тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бөлім бастығы:

- 2014 жылы 17 сәуірде тағы да 23 мың га жер Алматы қаласына қосылып жатыр. Ол кезде де бізге міндетті түрде аты қайталанатын көшелер саны көбееді. Онымен де бірқатар жұмыстар атқаруға тура келеді.

Жоспарланған жұмыс алдағы бір жыл ішінде толық аяқталуы мүмкін. Жобаға қанша қаржы жұмсалатыны қазірше ашық айтылмайды. Дегенмен тек бір көшедегі тақтайшаларды ауыстыру үшін кемінде 900 мың теңге қажет екен. Ал жаңа мекен-жаймен қатар тұрғындардың құжаттарын да ауыстыру үшін әуре-сарсаңға түсетіні тағы бар.