Алматыда Болат Аюхановтың жаңажылдық балет кеші болады

ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен өтетін кеште балет өнерінің майталманы, Мемлекеттік және тәуелсіз «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты, Халықаралық Сократ сыйлығының иегері, халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі Болат Аюханов басқаратын Мемлекеттік академиялық Би театры өнер көрсетеді.

Өнерсүйер көпшіліктің назарына Теофиля Готьенің аңызы бойынша дайындалған «Gizelle aux Willis» (Жизель, немесе Виллисы) балеті мен Морис Равельдің музыкасына қойылған «Болеро - Solo» хореографиялық қойылымы ұсынылатын болады. Қойылымдарға халықаралық байқаулардың лауреаттары, Англия, Түркия, Шотландия, Швейцария, Ресей елдерінде үлкен жетістікпен өнер көрсетіп жүрген Айтолқын Тұрғынбаева, Юлия Моисеева, Гульфида Ғафурова, Светлана Кокшинова сынды шеберлер және тағы да басқа әртістер қатысады.

«Балет өнері түсіне білгенге өнерлердің ішіндегі ең ұлысы боп табылады. Нәзіктік пен әдеміліктің символы іспетті бұл жоғары өнер түрін аламатылықтар мен қала қонақтарына ұсыну бұл кештің негізгі мақсаты»,-дейді балет өнерінің майталманы Болат Аюханов.

Бұл ұжымның 45-ші маусымы.