Деректі фильм Кеңес дәуірінде сол заманның «киноформатына» сай болмағандықтан, ұмыт болып қалған болатын.
Аталмыш деректі фильм Қарағанды телеарнасының киностудиясында 1968 жылы шыққан. Сценарий авторы Амантай Сатаев (1933-2003), режиссері Владимир Шамшурин (1940-1996). Фильмнің ұзақтығы 16 минут. Картинаның оқиғалары Қарағанды облысындағы дала аудандарының бірінде, басты кейіпкер - Қанағат Ахметжанов деген шопанның отбасында өтеді. Фильмде қарапайым қазақ отбасының күнделікті өмірі баяндалады. Туындының бір ерекшелігі - фильмде атақты француз композиторы Морис Равеляның «Болеро» музыкасының сүйемелдеуімен қазақ жерінің табиғат сұлулығы, қазақ халқының салт-дәстүрі көрсетілген.
«Киножұмыс өз бағасын алғаннан кейін мұрағатқа жіберіліп ұмыт болып кеткен. Деректі фильм бірде-бір республикалық телеарналарда көрсетілген жоқ, фильм дүниеге келгеннен кейін тек Қарағанды телеарнасында ғана көрсетілді. Қызықты да, ерекше фильм қаншама жылдар өтсе де өзінің өзектілігін жоғалтпағандықтан, біздің мұрағат фильмді жаңғыртуды жөн көріп, оның көшірмесін алдырып, бүгін міне таныстырылымын жасап жатырмыз. Алдағы уақытта фильмді қайта өңдеуден өткізуді жоспарлап отырмыз, дайын болғаннан кейін республикалық телевидидардан көрсетілетін болады»,- деді Орталық мемлекеттік мұрағаттатың директоры Алла Сейітова.
«Туынды жақсы ойлап табылып, эстетикалық талғаммен, кәсіби шеберлікпен түсірілген. Бұл фильм этнографияға қызығатындарға, ел тарихын білгісі келетіндерге, ауылды, даланы, жастық шақты еске алғысы келетіндер үшін арналған», - деді режиссер Серік Жармұхамедов. Оның айтуынша, Амантай Сатаев өте қадірлі азаматтардың бірі болған. «Екеуміз бірнеше картинаны бірге жасадық. Амантай әрқашан тарихымыздан сыр шертетін дүниелерді, еліміздің ұлы тұлғаларының өмірін баяндайтын жұмыстарды жасағанды жақсы көрді. Мәселен ол, Сәбит Мұқанов, Серке Қожамқұлов, Қаныш Сәтбаев, Ғабит Мүсірепов, Сұлтанмахмұт Торайғыров және тағы да басқа көптеген ұлы тұлғаларымыз жайында деректі фильмнің сценарийін жазды. Оның кәсіби жасауынан бір бөлек фильмге тақырып беруде өте тапқырлық көрсететін. Маған ашарлық жайында түсірілген фильмге қойған атауы ұнады, ол фильм «Қара табан қанды жол» деп аталады», - деді ол.