Алматыда «бомба» қойған екі ер адам сотталды


Былтыр белгісіз біреу Жетісу ауданындағы акционерлік қоғамдардың біріне жарылғыш зат қойылды деп қоңырау соққан. Жедел әрекет ету тобы көзделген жерден ешқандай жарылғыш зат таппады. Іздестіру кезінде 42 жастағы Алматы тұрғыны ұсталды. Ер адам бұған дейін зорлық жасағаны үшін істі болған екен. 

Жетісу аудандық соты ҚР ҚК 273-бабы бойынша ер адамды айыпты деп тауып, 1 жылға бас бостандығынан айырды. Одан 56 317 теңге өндірілді. 

Өткен жылы жазда «Прайм Плаза» сауда үйінде жарылғыш зат қойылды деген хабар халықты дүрліктірді. 

Ізінше ұсталған ер адамды Әуезов аудандық соты ҚР ҚК 273-бабы бойынша айыпты деп тауып, 8 айға бас бостандығынан айырды. Белгілі болғандай, ол да ұрлық жасағаны үшін бұрын сотталған екен. 

Айыпталушы мемлекетке келтірген 30 мың теңге шығынын өтеді. 

Қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, жарылғыш зат туралы көбіне психикалық ауытқуы бар адамдар хабарлайды.