Алматыда борышкерлердің наразылығы төбелеспен аяқталды

Ащы айқай банкирлерді бүгін біраз әбігерге салды. Таң атпастан жетіп келген борышкерлер қақпаны ту сыртынан ұрғылап, басшының өзі шықсын деп талап қойған.        Үкіметтің қайта қаржыландыру бағдарламасында «банк қаласа қайтарымсыз қарызды кешіре алады» деген тарау бар екен. Бұл бірінші кезекте көпбалалы отбасылар мен мүгедектерге қатысты. Соны естіп алған белсенділер енді сол жеңілдік борышкерлердің барлығына бірдей берілсін дейді.               

Сұлубике Жақсылықова, «Баспана халықта қалсын» қоғамдық қозғалысының төрайымы:

-Шаяхметова бізге жазбаша күйде осыны орындайтыны туралы қол қойып берсін.  15 күннен кейін жауап беремін» дейтін болса немесе Шаяхметова шықпайтұғын болса, біз палаткамызды осы жерге құрамыз. Барлығын дайындап әкелгенбіз. Аштық жариялаймыз.

-Шаяхметова, шықсын! Шық!

Борышкерлердің бүгін қарқыны қатты. Мұны естіген шенеуніктерге дейін жетіп келіпті. Тек банкирдің өзі төбе көрсеткен жоқ. Қайта, кезінде өздері несие үлестірген клиенттерін полицияға ұстатып жіберді.

-Тиіспе маған! Тиіспе!!! Ұятсыздар! Бетсіздер!!! Бұл әйел адам ғой! Не істеп жатсыңдар?!

Арнайы жасақ әйелге де, еркекке де қараған жоқ. Аяқ-қолын қайырып, автобуспен бөлімшеге алып кетті.


-Ұятсыздар! Бүкіл жұрт білсін сендер банкті қорғап жатырсыңдар! Банктер сендерге төлеп жатыр! Әй, оңбағаңдар!!!

Белшеден қарызға батқан бұл борышкерлерді қолдау мақсатында мемлекеттен 130 миллиард теңге бөлінген болатын. Қыруар қаржының берілгеніне біраз болса да, бірталай банк істі әлі бастамай отыр екен. Борышкерлер осыған да наразы.   

Күш қолданып баса алмаған топты ақыры банк қызметкерлері шығып, тыныштандыруға тырысты. Өтініштің көптігінен қарап үлгермей жатырмыз деп ақталған олар жылап сықтаған жұртты жұбатқандай болды.

Сағынбек Шүнкеев, «Халық Банк» АҚ Департамент директоры :

-Қазіргі кезде 600-ден астам арыз жатыр. Өкінішке орай, бәрі әлі қаралып болған жоқ. Қазіргі кезде банк шамамен 400-ден аса арызды қарастырды. Барлығы шамамен 15 шақты күнде қаралады.

Бірақ бұл 15 күннен кейін мәселе шешіледі деген сөз емес. Сондықтан борышкерлер банкпен ортақ мәмлеге келгенше, наразылық акцияларын жалғастыра бермек.

Loading...