"Сел мен көшкін жайына келер болсақ, бұл біздің қаламыздағы тұрақты проблема. Бұл мәселемен айналысатын бізде арнайы бөлімше бар. Ол - "Қазселденқорғау". Қазір біз жағдайды қадағалаумен айналысатын 80 шақты посттарды дайындау үстіндеміз. Оған қоса, техникалық құралдармен үнемі мониторинг жүргізіп отырамыз. Тікұшақпен бақылап тұрамыз. Қазір мамандардың баяндағандай, барлық жерде қар мен судың нормасы сақталып тұр. Сондықтан, біз алаңдамаймыз", - деп хабарлады Д. Халықов.
Оның айтуынша, сел мен тасқынды болдырмау мақсатында Ақсай, Сұлтан, Мойка өзендерінің арнасы нығайтылып, беткейді силикаттау және бөренелерді ұңғылау әдісімен Көктөбе жотасының сел қаупі бар беткейі нығайтылды. 1 млрд теңгеден астам сомаға Үлкен және Кіші Алматы, Есентай өзендерінде жағалауды нығайту, арнаны тазарту, жағалау аумағын көркейту бойынша селге қарсы шаралар орындалды.
Сонымен бірге, департамент табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізудің жобалық-сметалық құжаттамасын дайындады. Бұл - Беделбай және Батарейка өзендерінде қорғаныс құрылыстарын салу; Кіші Алматы өзенінің аңғарында селден қорғайтын бөгеттерді салу; "Медеу" мұз айдынының маңында селге қарсы шараларды жүргізу, Есентай, Бутаковка, Кімасар өзендерінің арнасын тұрақтандыру жұмыстарын жүргізу.
Сондай-ақ, Д. Халықов соңғы кездері қала маңындағы тау беткейлеріндегі құрылыс жұмыстары тоқтатылғанын хабарлады. "Қазір бірде- бір беткейде құрылыс жүріп жатқан жоқ. Егер жүргізіліп жатса, онда ол прокуратураның құзырында. Олар мұнымен жедел арада айналысатын болады. Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері бұл мәселені үнемі өз бақылауларында ұстап отыр. Ал салынып қойған ғимараттар жайына келер болсақ, біз осы ғимараттарды басқа жерге көшіру бойынша тиісті профилактикалық шараларды жүргізіп отырмыз. Осы үйлердің тұрғындарына белгілі мөлшерде өтемақы төлеу бойынша жұмыстар жүріп жатыр", - деді Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы.