Алматыда Бүкіләлемдік радио күніне орай өтетін шарада әйгілі ғалымдар дәріс оқымақ

«Болашақтың медиасы: Ньюсономика. Үрдістер. Жаңалықтар» атты ІІ халықаралық журналистика және коммуникация қысқы мектебі Іле Алатау мемлекеттік ұлттық саябағындағы «Тау-Тұран» білім беру-сауықтыру кешенінде өтеді. Оны Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросы, ҚР БҰҰ Қоғамдық ақпарат департаменті және т.б. қолдауымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің «Медиасфера» ғылыми орталығы ұйымдастыруда.

Шара аясында оған қатысушыларға жаңалықтар экономикасы салалары бойынша шеберлік сыныптары мен семинар-тренингтер ұсынылады.

Үш күнге созылатын қысқы мектеп аясында Колумбия университетінің профессоры Рафис Абазов (АҚШ), Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің доценті А.Султаналиева, (Қырғызстан), Әлемдік экономика және дипломатия университетінің профессоры Ф.Муминова (Өзбекстан) тәрізді медиа саласының мамандары дәрістер жүргізеді.

Жиынға Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары, PhD докторанттары, оқытушылары, республикалық және аймақтық БАҚ журналистері т.б. қатысады деп күтілуде. Қатысушылар масс-медиа саласының майталмандарының дәрістерін тыңдап, тәжірибе алмасуға, саладағы жаңа бағыттармен танысуға мүмкіндік алады.