Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бұрынғы вице-президент және Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Ерік Асанбаев 22-тамызда 69 жасында мезгілсіз қайтыс болды.
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ерік Асанбаевты соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, марқұмның отбасы, туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.
Е.Асанбаев 1936-жылы Торғай облысында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік Университетінің экономика факультеті мен Мәскеу қаржы институтының аспирантурасын бітірді. Экономика ғылымдарының докторы.
1988-жылы Е.Асанбаев Қазақ ССР-і министрлер кеңесін басқарды. 1989-жылдан бастап Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің саяси бюросының мүшесі және хатшысы болды. 1991-жылдың сәуір-қазан айлары аралығында Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің төрағасы лауазымын иемденді. 1991-жылдың қазан айында Қазақстанның вице-президенті болып сайланды. Е.Асанбаев осынау лауазымда отырған еліміздегі жалғыз саясаткер. 1995-жылғы жаңа Ата заңға сәйкес вице-президенттік лауазым жойылды. 1996-2000-жылдарда ол Қазақстан Республикаыынң Германиядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды.