Осымен 5-ші мәрте өткізілгелі тұрған мерекелік іс-шаралардың бірі бұл жолы Орталық саябақта өтпек. Мұнда жұмысшылар таңнан бастап жазғы театр ішін тазалап жатса, орындаушылар соңғы дайындықтарын пысықтауда.
Оркестрлер шеруі қатарынан үш күн бойы өтеді. Бірінші күні, яғни бүгінРесейдің атақты «КВАТРО» тобы келеді деп күтілуде.Ал ертең еліміздің «Отырар Сазы» оркестрі Абай Құнанбаев, Нұрғиса Тілендиев сынды біртуар тұлғаларымыздың атақты шығармаларын орындамақ. Кештің соңғы күні де қызыққа толы болады. Бұл күні Қанат Ахметовтің жетекшілігімен түрлі мюзиклдер орындалады. Артынан кәсіпқой гитарашы Вахтанг Торели өз өнерін паш етеді.
Қайрат Құлбаев, Алматы қалалық Мәдениет басқармасының басшысы:
-Мұнда келген адам жанына рахат алады. Кілең шебер орындаушылардың делебеңді қоздырып, құлақ құрышыңды қандырары сөзсіз.
Кешті ұйымдастырушылар фестивальдің жоғары деңгейде өтетініне сенімді. Себебі, концерттің тізгінін «Мутурганчик» деген атпен таныс сайқымазақ жігіт Мұрат Мұтырғанов алыпты.
Мұрат Мұтырғанов, кеш жүргізушісі:
-Кешкісін есік алдында отырып гитара, домбыра шерткен тамаша ғой. Ал, бұл тіптен керемет. Себебі, мұнда үлкен оркестр. Ашық аспан астында отырып тамаша уақыт өткізсе болады.
Симфониялық оркестрлер бүгін сағат кешкі сегізден бастап алдағы жұмаға дейін әуезді әуендерін орындайтын болады. Сондықтан ұйымдастырушылар қалалық әкімдіктің қолдауымен өткізілетін мерекелік кештен шет қалмауды сұрайды.