Алматыда бүтін бір отбасыны қырып салғандардың соты тағы төбелеспен аяқтала жаздады

Сатыбалдиевтар сотқа бүгін де келді. Өзектерін ащы өксік өртеген. Екі бірдей немерелерін, өрімдей ұлдары мен жүкті келіндерін аяусыз өлтірген қылмыскерлердің бірі кесілген жазаға келіспей, тағы да соттан жеңілдік сұраған болатын. Бүгін шағымды кассациялық сот қарады.

-Бетсіз. Қасиет жоқ. Біздің өлген әруағымызға маза бермесең, не тірімізге маза бермесең!Біздің бүкіл отбасымызды қырып тастап,  бетін жауып отырғанын қарашы.  Омырауың үзіліп түссін сенің...

Сотталушы Мұқажановтың адвокаты бүлдіршіндерді бауыздап өлтірген қылмыскердің жазасын жеңілдеткісі келді. Ол өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын көпсініп, тек 20 жыл беруді сұрады.    

Фатима Тілеумұратова, Б.Мұқажановтың адвокаты:

-Менің қорғауымдағы Мұқажановқа Мамыреев ұрлық жасаймыз деп алдын ала барып, алдын ала ұрлық жасау үшін келіскен. Ал қарақшылықпен қорқытып, адам өлтіретіндіктерінен Мұқажанов мүлдем бейхабар болған.

Қанды қылмыс былтыр жазда болды. Өзбекстан азаматы бастаған 3 қаскөй Сатыбалдылардың отбасын ойран кеткен. Пәтерін тонап, онымен қоймай 3 және 7 жастағы екі бүлдіршінді, 19 жастағы жасөспірімді пен аяғы ауыр келіншекті ажал құштырды.


Ержан Сатыбалды, жәбірленуші:  

-Соттан сотқа, судан отқа сүйреп жатыр мына жауыздар. Біреудің шаңырағын қырып тастап. Бүкіл баласын, үрім-бұтағын, тай-тұяғын ештеңкесін қалдырмай. Шаңырағын ортасына түсіріп, енді міне, тағы...

Үш қайтара соттың есігін қақса-дағы сотталушының жазасы жұмсартылмады. Бүгін де кассациялық алқа үкім күшінде қалдырды.

-Cот алқасының 2014-ші жылғы 5-ші наурыздағы қаулысы өзгеріссіз, қорғаушы Тілеумұратованың кассациялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырылсын.

-Кассациялық сот аяқталса да, тараптар көпке дейін тарай алмады. Сотталушы Мұқажановтың анасы қайта шағымданатын ыңғай танытса, жәбірленуші жақ осымен үшінші мәрте соттан үкімнің өзгертілмеуін сұрап жалбарынды. Дегенмен сотталушының әлі де Жоғары сотқа жүгінуге құқығы бар.