Бұл осыдан 2 жыл бұрын «Ескі үйлерді жаңасына айырбастау» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолданысқа берілген үйдің бірі. Сергей Ульяничев одан алғашқылардың бірі болып, мына екі бөлмелі пәтерді алған. Бірақ қуанышы ұзаққа бармады. Екі аптадан кейін-ақ, құрылыстың кем-кетігі біліне бастаған.
Сергей Ульяничев, Алматы қаласының тұрғыны:
- Қиындық көшіп келген соң басталды. Алдымен қонақ бөлменің қабырғасы шытынады. Сосын ас үй, жатын бөлме түгел кетті. Қазір осындай болып тұр. Сыртынан қарасаң әп-әдемі ақ, бірақ іші міне мынадай түтін.
Кейін белгілі болғандай, мұндай қиындық Ульяничевтердің пәтерінде ғана емес екен. Сол кезде мемлекеттік бағдарлама аясында алмастырылып берілген 5 үйдегі 100 пәтердің де жағдайы осындай болып шыққан.
Наталья Кунина, Алматы қаласының тұрғыны:
- Біз мұнда ең бірінші болып кірдік. Бірінші болып оның қорлығын көріп жатырмыз. Одан да ескі үйде отыра бергеніміз дұрыс еді. Ең болмағанда үйге үрлеп суық кірмейтін. Өз ақшамызға сан мәрте қайта құрылыс жүргіздік. Жауаптыларға айтсақ, бәрі дұрыс деп шығарып салады. Енді сотқа жүгінетін шығармыз.
Десе де «ескі үйлерді жаңасына алмастыру» бағдарламасын бастағандар бұған көз жұма қарайтын тәрізді. Тіпті жобаның бірінші кезеңі сәтті аяқталды деп мақтанышпен айтып отыр. Бүгін құрылысы басталғалы отырған тағы біраз үйдің жобасымен де таныстырды.
Ғабит Садырбаев, Алматы қаласының Бас архитекторы:
-Құрылыс кезең- кезеңімен басталып жатыр. Жалпы Алматыда 940 ескі үй бар. Соның барлығы да жаңартылады. 40 үйдің құрылысын жеке компаниялар жүргізеді. Өзгесі мемлекеттік қолдауымен жасалады. Олардың арасында қолданыс мерзімі 80 жылға жетпеген үйлер де бар.
Ресми есепке жүрінсек, бағдарлама қолданысқа енген 2 жыл ішінде 22 үй жаңартылыпты. Енді биылғы жоспарға сай, тағы 26 үй тұрғызылмақ. Ал босаған орынған әлеуметтік түрлі нысандар салынады екен. Құрылыс сапасын тексеру жұмысы енді арнайы комиссия құзыретіне жүктелмек.
Loading...