Хас батырдың қазасын естіген жұрт төбесінен жай түскендей халде қазір. Сенбейін десе, енді сүйегі кебінге ораулы тұр.Туғандарын ғана емес, бұл күні күллі қазақты қайғы басты. Қоштасуға келген жұрттың санында шек жоқ. Генералдардан бастап, қарапайым тұрғындарға дейін ғимарат іші толып қалды. Бірге соғысқан қарт жауынгерлер ауыр сырқатына қарамастан батырды жерлеуге бірі қалмай келген.
Тоқтар Әубәкіров, ғарышкер, Халық Қаһарманы:
-Меніңше баға бере алмай жатырмыз бұл кісіге. Беріледі деп ойлаймын. Менің үлкен билікке сәлемдемем бұл кісінің мүсінін Астанада әуежайдан шыққанда ел көрсін, жұрт көрсін, шетелден келген кісілер көрсін сол жерде қою керек.Топырағы торқа болсын, жарық болсын жатқан жері! Айналайын қазақтар, бұл кісінің атын өмірі ұмытпайық.
Бұл – қоштасудың соңғы минуттары. Талғат Бигелдинов жатқан табыт батырлар аллеясына шығарылды. Тек туған жері Майбалықтың ғана емес, бүкіл қазақтың баласы атанған батырдың қазасына Елбасы да қайғырып, жеделхат жолдаған. Оны Алматы әкімі оқып берді.
Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:
- Ұлы Отан соғысының аты аңызға айналған қаһарманы, Кеңес Одағы батыры атағының екі мәрте иегері, даңқты ұшқыш Талғат Жақыпбекұлы Бигелдиновтың өмірден өтуіне байланысты ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Қазақстандықтар қаһарман отандасының есімі мен ерлігін ешқашан ұмытпайды. Марқұмның топырағы торқа, жаны жаннатта болсын! ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Енді Талғат Бигелдиновтың соғыста жасаған үлкен ерліктері ұрпақтарға мәңгі үлгі боп қалмақ.
-Біз, Талғат Бигелдиновтың есімімен аталған алтын шаңырақтың курсанттары, офицерлері қаһарман батырдың есімін, еңбегін, жасаған ерліктерін ешқашан ұмытпаймыз!
Ал батырдың ұлының бір ауыз ғана сөзі тіпті сай-сүйгіңізді сырқыратады.
Талғат Бигелдинов, Т.Бигелдиновтың ұлы:
-Мы никогда не забудем твою заботу о нас и твое тепло, спасибо папа!
Кеңес Одағы батырының артында жалғыз ұлы мен екі қызы қалды. Ұлының да есімі – Талғат. Сондай-ақ, баһадүрдің есімі болашақ ұшқыштарды даярлайтын Ақтөбе мен Қарағандыдағы әскери институттарға берілген. Ер есімі дүниежүзіне де белгілі. Небәрі жиырма жасында соғысқа аттанған ұшқыш - Знаменка, Кировоград, Краков, Оппельн, Катовице, Бреслау қалаларын жау құрсауынан босатып, бірінші боп Берлинге басып кірген. Сол үшін де 2 мәрте Кеңес одағы батыры атанып, қазақтың нағыз батыр халық екенін баршаға дәлелдеп берді.
-Мен бәрін өзім сүйем! Бәрі сол қазағым үшін!