Алматыда Денис Теннің мұз шоуы өтеді

Қазақстанда танымал болған мұз шоуын қайта ұйымдастырмақ. Аталған ірі спорттық оқиға Алматыда 20-21 маусым күндері өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл туралы спортшы өзінің Инстаграммдағы парақшасында хабарланды.  

«Денис Теннің достары» атты шоу Қазақстан жанкүйерлері үшін үлкен шаралардың біріне айналды. Бұның алдында екі мәрте өткізілген аталған елеулі оқиғаны көруге қазақстандықтар ғана емес, тіпті шет мемлекеттерден де жанкүйерлер келген болатын.

Д.Теннің бұның алдында хабарлағанындай, әлемдік деңгейдегі мәнерлеп сырғанаушылар қатысатын қазақстандық мұз шоуын трансляциялау құқығын иеленуге бірнеше шетел телевизиясы мен режиссерлері үлкен қызығушылық таныта бастаған. Оның сөзіне қарағанда, шоуды ұйымдастыру жөнінде шешім жасалса, оны жыл сайын жетілдіріп отыру керек. Денистің пікірінше, қазақстандық шоу өзінің жұлдыздар құрамымен ерекшеленеді. Былтыр оған Браиан Жубер, Алексей Ягудин, Дайсуке Такахаси, Максим Траньков, Татьяна Волосожар, Мао Асада, Максим Маринин, Татьяна Тотьмянина, Стефан Ламбьель, Каролина Костнер сияқты атақты спортшылар қатысқан болатын.


Еске салсақ, биыл наурызда Шанхайда өткен Әлем біріншілігінде Д.Тен Қазақстан қоржынына қола медаль салды. Д.Тен Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан әлемдік біріншіліктерде және Олимпиада жарыстарында жүлде салған алғашқы спортшы екенін айта кеткен жөн.