Алматыда Димаш Құдайбергеннің құрметіне мурал салынып жатыр

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Әншінің портреті Қабанбай батыр және Сәкен Сейфуллин көшелерінің қиылысында орналасқан үйдің қабырғасына салынып жатыр.

Фото © Алихан Сариев

Авторы - Алматының 26 жастағы тұрғыны Батыр Сәдуақасов.

Батыр Алматыда муралды алғаш рет салып жатыр. Бұған дейін ол комикс, кітаптардан көрнекі сурет салған және стрит-артпен айналысқан. Айтуынша, әлемге танымал жұлдыздың суретін салуға өтініш айтқан.

"Мен референсті ұзақ таңдадым. Жүзінде екі қарама-қайшы түстің үйлескен фотосын іздедім. Мысалға, жасыл мен қызғылт, екеуі қарама-қайшы болса да, үйлесіп, беті көрініп тұратындай. Эмульция, аэрозоль баллонын пайдаланып, әдемі қылып салғым келеді. Бұл тапсырыс емес, мұны өнерге деген құрметім үшін жасап жатырмын", - деді суретші.


Алматы әкімдігіндегілер мурал жеке адамдардың бастамасымен салынып жатқанын атап өтті.