Алматыда дүниеге үшем әкелген келіншек күл-қоқыстың арасында тұрып жатыр

Жоқ, бұл тек қоқыс тастайтын алаң ғана емес. Мұнда дүниеге үшем әкелген жас отбасы да тұрып жатыр. Баспана тұрмақ іліп алар мүлкі де жоқ жанұя кәдімгі контейнердің ішін паналаған.

Ал бүлдіршіндер ана сүтін ембес бұрын ең бірінші осы құрылғыдан тыныстайды. Бұл инголятор болмаса үш сәбидің де тынысы тарылып, өкпелері қабынып кетеді екен. Оған кінәлі қуықтай ғана бөлменің ішіндегі сыздаған суық.

Нұргүл Сындарова, үшемнің анасы:

-Міне күніне осылай 2-3 рет жасаймын балаларыма ингаляцияны. Ингаляциямен отырмын қазір. Күн болса суытып келе жатыр. Бұлардың да жөтелі күшейіп жатыр.

Сәбилер күндіз де түнде де салқын тартқан осы контейнердің ішінде. Салдарынан егіздердің өкпелері қабынып, үшеуі де бронхит ауруына шалдыққан екен. Жылы бөлме жалдауға Ізтілеуовтардың жағдайы жоқ. Жолдасы түні бойы құрылыс басында жүрсе, Нұргүлдің өзі бала-бақшада күзетші. Табысы бар-жоғы 30 мың теңге.

Нұргүл Сындарова, үшемнің анасы:

-Маған Есімовтың атына ұсыныс жазамыз деген. Әлі ешқандай жауап болмай жатыр. Балаларым үшін алаңдаймын. Мына жоғарыда отырған ағалардан көмек сұраймын. Есімов мырза, сізден көмек сұраймын. Балаларым үшін көмектесіңіз. Үшемдер күніге дүниеге келе бермейді ғой. Өтініш сізден. Көмектесіңіз...

Үшем дүниеге келгенде жергілікті шенеуніктер жас отбасыға баспана сыйлаймыз деп уәдесін берген екен. Бірақ сол күйі хабарсыз кеткен. Салқын үйде сырқаттанып қала беретін сәбилердің жағдайына дәрігерлер де алаңдаулы.


Жазира Мұхамеджанова, мейірбике:

-Тұрған жерлерінде жағдай жоқ. Су жоқ , жылу жоқ. Жуынатын жерлері де жоқ . Сол үшін ауырып жатыр балалар. Бұл балалар бұл жерде қыстап шығуы мүмкін емес.

-Балшық пен пластиктен қапталған бұл контейнер ішінде үшемі бар отбасы көктем айына дейін тұра тұруға рұқсат алыпты. Келесі көктемде бұл уақытша баспана да бұзылады. Сонда Ізтілеуовтар отбасы сырқат бүлдіршіндерімен қоса мүлде далада қалғалы тұр.