Тарихты парақтасаң, қатпар-қатпар томдардарға қарап қалсаң қазақтың қашаннан қағажу көргеніне көз жетеді. Ықылым заманнан өзінің жерінде ешкімге соқтықпай жай жатқан қазаққа тізе батырмағандар кемде кем шығар. Қудалады, қырды қала берді аштан қатырды. Тоз-тозы шыққан ел басы ауған жаққа ауа көшкені де белгілі. Тәуелсіздік қолға тигенде сол тарыдай шашыраған қандасты қайтіп қазақ атырабына алдырамыз деп шабылдық. Көшелі көш жасадық, атын ауыстырғанымыз болмаса мақсаттары мәнзелдес еді. Бірақ отанына оралғандарды «оралман» деп осқырынып шыққандар бар. Тіптен осы көш саябырсып қалды деп кейіді азаматтар алдымен. Қазір әлемнің 43 елінде 5 млн. астам қандасымыз қалыпты.
Қайрат Құлмұхамед, ҚР мәдениет қайраткері, ақын:
- Қазір Қазақстанда 126 ұлт пен ұлыс тұрады. Оның бәрін кім әкелді бізге кім шақырды? Оның бәрін саяси күшпен әкелді. Тың игеретіндер, жерді ашатындар болды. Сонда біз 126 ұлтқа құшағымызды кең ашып келе ғой деп барымызды береміз, төбемізге көтереміз. Сонда неге біз шетелден келетін қазақтарға көмек жасамауымыз керек? Қазақ қой, қазақ деген аз ақ қой.
Соңғы уақытта қандастарды қайтару ісінің біраз ақсағанына қынжылыс білдіргенімен, шетелдегі қазақтандың көбі отанға оралуға даяр. Мәселен, Украинадағы бір ғана Харьковта тұратын 300-ге жуық ағайын Қазақстанға қайтқысы келіп, етектері жасқа толып жүр.
Макка Қаражанова, Харьковтағы қазақ диаспорасының төрайымы:
-Алғашында қазақ диаспорасын құрғанымызда бұл ұйымға еш сұраныс болмады. Бірақ қазір өңіріміздегі қаны қазақ азаматтардың белсенділігі ерекше. 6 отбасы Отанға оралды. Харьковтегі жастардың барлығы Қазақстанға оралғысы келеді. Бірақ мына жақта қолдаусыз далада қаламыз ба деп қорқады. Өйткені тиісті жұмыстар жүргізілмей жатыр.
Қайыс креслодағылар жүрдім-бардым қарағанмен, қандастардың тыныс-тіршілігін тарихшыларымыз түгендеп жүр. Олар жуырда шекаралас елдердегі қандастардың хәл-ахуалын біліп қайтқан екен. Басы аман бауыры бүтін, тек тың деректер тауыпты. Мәселен, түркі тілдес елдерге ортақ жорға аю биінің барын білген. Буын қимылдары арқылы биленеді. Тағдырдың тепкісімен ауа көшкен қандастар сақтап қалыпты. Оған қоса тағы 90 фольклорлық тың дүние табылған.
Уәлихан Қалижан, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры:
- Егер біз таза қазақтың рухани ілімін іздесек оны шетелдегі қазақтардан іздеуіміз керек. Өйткені кеңестік жүйе біздің ұлттық реңкімізді бұзып жіберді. Әдеби жанр болсын би жанры болсын. Бүгінгі билеп жүрген Қара жорға биі мүлдем басқа би болып шықты. Және оның басқа ырғағы бар, ол қаракүрең деген өлеңмен орындалады. Сондықтан осының бәрін реттеп халыққа таратуымыз керек.
Тарихымызды түгендеу қазаққа ғана қажет қазір. Біреу кеп қотырымды қасып береді деген қасаң қағида келмеске кеткен. Қазақтар бас қосқан қазақи басқосуда ұлттық мәселелерді қаузайтын тағы басқа тақырыптар ертең талқыланбақ. Бүгін 20 елден келген 130 қандасымыз 100-ге жуық баяндама жасады. Бәрі де Алаштың абыройы үшін.