Алматыда этномәдени бірлестіктердің халықаралық форумы өтіп жатыр

Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан халқының рухани даму қорының ұйымдастыруымен өтіп жатқан форум жұмысына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Мәдениет министрлігінің басшылығы, шетелдік қонақтар, еліміздегі этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, жоғары оқу орындарының ректорлары, сарапшылар мен ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысуда. Форумның негізі модераторы - Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед.

«Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ-ның президенті Алмаз Нұразханның айтуынша, аталмыш форум Ел бірлігі доктринасы шеңберінде, еліміздегі тұрақтылықты нығайтуға, этносаралық саясат саласындағы өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ, мемлекеттердің мәдени-гуманитарлық бағыттарының ынтымақтастығын ұлғайтуға арналып, өткізілуде.

Форум шеңберінде бүгін делегаттар Қазақстан халқы Ассамблеясының мұражайына баратын болады.

Іс-шара этномәдени бірлестіктердің кәсіптік ұжымдары мен шығармашылық топтарының мерекелік концертімен аяқталмақ.