"Нұр Отан" ХДП Алматы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Санжар Боқаевтың айтуынша, бүгін еліміздің барлық аймағында, облыс, аудан, ірі қалаларда этно-мәдени салт-дәстүрлер фестивалі бастау алады. "Акция қыркүйек айына дейін жалғасатын болады. Фестиваль егеменді елімізде тұратын 130 астам әр ұлыстың салт-дәстүрлерін жаңғырту, мәдениеті мен әдебиетін дамытып, насихаттау мақсатында өткізіледі. Қазақстан - әлемдегі конфессияаралық, ұлтаралық келісім мен татулықтың, адамзаттың бейбіт өмірін көздейтін мемлекет. Сондықтан, біздің басты байлығымыз - достық пен бірлік. Ұлттық бірлік -Қазақстандық қоғам дамуының ең маңызды бөлігі. Біз сондықтан бұған үлкен мән береміз",-деді ол.
"Еліміздегі береке-бірлік пен татулық, ұлттар достығы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың елдегі татулықты нығайту, ішкі тұрақтылықты орнықтырудағы стратегияны дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудегі ұтымды әрі тиімді жұмыс нәтижесінің жемісі",-деп санайды фестивальге қатысушылар.
Фестиваль барысында халықтар татулығы мен бірлігі, достық пен тұрақтылық, Отан туралы әндер шырқалып, әр халықтың ұлттық биі орындалады. Сонымен қатар, ұлттық тағамдар көрмесі өтеді.