Алматы қаласының №2-ші Бостандық аудандық сотында Алеся Воротиленкоға қатысты қылмыстық істі қарау аяқталды. Осылайша, А. Воротиленко ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-ші тармағында қарастырылған (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол
қозғалысы ережесін бұзуы салдарынан абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекеті ) қылмыстарды жасағандығы үшін айыпты деп танылды.
Сүт үкімімен А. Воротиленко бес жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, көлік құралын жеті жылға дейін басқару құқығынан аластатылды. Ол енді жазасын қоныс-колониясында өтейтін болады.
А. Хорошевскаяның азаматтық арыз-талабы жартылай қанағаттандырылды. Сотталған азаматшадан 300 000 теңге көлемінде моральдық шығын өндіріп алынды.
А. Жұмаділованың арыз-талабы да жартылай қанағаттандырылды. Сотталушыдан жәбірленушінің пайдасына 1 240 587 теңге, сондай-ақ, 700 000 теңге көлемінде моральдық шығын өндіріп алынды.
Соттың анықтағанындай, 2015 жылғы 29 қыркүйекте Алеся Воротиленко «Мазда» жеңіл автокөлігін басқарып келе жатып, «Тойота» жеңіл автокөлігімен соқтығысады. Соққы салдарынан «Тойота» инерция бойынша сол сәтте аялдамада тұрған жаяу жүргіншілерді қағып кетеді.
Жол-көлік апаты Абай даңғылы мен Тұрғыт Озал көшесінің қиылысында болған. А. Воротиленко оңтүстікке, яғни солға қарай бұрылып жатып, қарсы келе жатқан көлікті өткізіп жібермейді. Апат салдарынан Ш. Жорабаева мен А. Құрманбекова оқиға орнында мерт болды. Ал әр түрлі дәрежеде ауыр жарақаттар алған А. Жұмаділова мен А. Хорошевская ауруханаға жатқызылды.
Сотта сотталушы өз қылмысын мойындаған жоқ.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.