Алматыда екі жол апаты 6 адамның өмірін жалмады


Бірінші апат сенбіге қараған түні қаланың тау жақ бөлігінде орын алған. Оспанов көшесінен жүйткіп шыққан жүк көлігі сол күйі жолындағы Аудиді басып өтіп, аялдамадағы екі автобусты соғып бір-ақ тоқтаған. Апат салдарынан 25 жастағы жүк көлігінің жүргізушісі мен жол бойында такси тоқтатып тұрған жас жігіт мерт болды. Аудидің тізгініндегі азамат Құдай сақтап тірі қалған. Бірақ ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Ал сенбі күні таң ата 4 қыз отырған жеңіл көлік қаланың қақ ортасында апатқа ұшырады. Машинаның қандай жылдамдықпен жүйткігені шашылып қалған бөлшектерінен байқалып тұр. “Мицубиси” Фурманов көшесімен келіп, Сәтбаевқа бұрыла алмай бетон бағанға соғылған. Мұнымен де тоқтай алмай, 100 метрдей төмендегі тұрақта тұрған көліктерді жапыра, 3-ке бір-ақ бөлінген. Үш қыз сол жерде тіл тартпай кетті. Тағы біреуі ауруханаға жеткізілген. Бірақ жансақтау бөлімінде ес жимастан бақилық болды. Барлығы 22, 23-тегі бойжеткендер.