Алматыда ер адам 65 жасар енесін зорлады деген күдікке ілінді

Бұл туралы әйелдің туыстарына сілтеме жасап, «НеМолчи» қоры хабарлады, - деп жазады Caravan.kz медиа порталы.

Қордың мәліметінше, 17 тамыз күні ер адам 1961 жылы туған енесінің үйіне бірге шай ішемін деген сылтаумен барған. Туыстарының айтуынша, ол әйелдің дәрменсіз күйін пайдаланып, оған қатысты жыныстық сипаттағы зорлық әрекеттерін жасаған.

Сол күні отбасы полицияға арызданған. Алайда жәбірленушінің жақындарының сөзінше, арада үш күн өтсе де, сот-медициналық сараптама жүргізілмеген. Полиция берген сараптама тағайындау туралы қаулы құжатты рәсімдеу кезінде кеткен қателерге байланысты кері қайтарылған көрінеді.

«НеМолчи» қорына жәбірленушінің қызы — күдікті ретінде қаралып отырған ер адамның жұбайы жүгінген. Туыстары ер адамның әлі күнге дейін бостандықта жүргенін айтып, Алматы қаласының прокуратурасынан жағдайға араласып, болған оқиғаға құқықтық баға беруді сұрады.