Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған Caravan.kz хабарлайды.
7 ақпан күні таңертең Достық, Қабанбай батыр және Зенков көшелерінің қиылысында оқыс жағдай болған. Куәгерлердің айтуынша, қыздардың бірінің кенеттен жағдайы нашарлап, ол есінен танып қалған. Қасында болған құрбысы оны есін жиғызуға тырысқан сәтте, көмек көрсетеміз деген сылтаумен үш ер адам жақындаған.
Желіде тараған видеодан да ер адамдардың екеуі алғашқы көмек көрсеткендей болғанын көруге болады. Сол мезетте қыздардың қалтасынан екі ұялы телефонды, iPhone 15 Pro және iPhone 16 Pro құрылғыларын қолды еткен. Оқиғадан кейін күдіктілер ізін суытқан.
Осы жағдайға қатысты Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
"Аталған дерек заңнамаға сәйкес тіркеліп, ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыс жәбірленушіге бөгде адамдар көмек көрсетіп жатқан сәтте жасалған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында құқық бұзушылыққа қатысы болуы мүмкін тұлғалардың жеке басы анықталды. Қазір оларды ұстау шаралары қабылданып жатыр. Сондай-ақ оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", – деп жауап берді Салтанат Әзірбек.