Алматыда Ермек Серкебаев тұрған үйге естелік тақта орнатылады

Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Естелік тақтаның ашылу рәсіміне Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, зиялы қауым өкілдері және Ермек Серкебаевтың туыстары мен оның талантын ізет тұтушылар қатысады» делінген хабарламада.

Мемориалдық тақта ертең, 22 тамыз күні күндізгі сағат 12:00-де Бөгенбай батыр көшесі бойында (Желтоқсан көшесінің қиылысы) атақты опера әншісі тұрған нөмірі 136-шы тұрғын үйдің қабырғасына орнатылады.

Айта кетелік, Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаев - атақты қазақ кеңес опера және камералық әншісі (баритон), педагог, КСРО Халық әртісі (1959 ж.), Қазақ ССР-нің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1972 ж), КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1977 ж.), Социалистік Еңбек Ері (1986 ж.).


Естеріңізге сала кетейік, Ермек Серкебаев 2013 жылы 16 қарашада Алматыда дүние салды. Әнші Кеңсай зиратына жерленген.