Алматыда есірткі затын тасымалдау және сақтауға байланысты екі қылмыстың беті ашылды

Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, Түріксіб ауданының АІІД аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлеріне белгісіз біреу өзінің "Субару " жеңіл көлігімен ірі көлемде есірткі затын сату үшін тасымалдайды деген шұғыл ақпарат келіп түсті. Есірткі саудагерін қолға түсіру операциясы Захаров көшесінде тұрған үйлердің бірінің жанында өткізілді.

"Біздің қызметкерлер шұғыл іздестіру шараларын өткізу барысында " Субару " көлігінің иесі болған ер адамды қолға түсірді. Куәгерлердің қатысуымен полиция қызметкерлері көліктің жүк сақтайтын бөлімінде есірткі заты сақталған полиэтилен буманы тәркіледі ", - деп хабарлады Түріксіб аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Марат Жексенбеков.

Оның сөздері бойынша жасалған сараптық жұмыстардың қорытындысына сәйкес, тәркіленген 150 грамм есірткі заты героин болып шықты.

"Оны қолға түсіргенде, басында ештеңені мойындамады. Кейін тергеу кезінде героин затын сатпақшы болғанын растады. Бір грамм үшін бес мың теңге сұраған", - деді М. Жексенбеков.

Екі сағаттан кейін Алматының Жетісу ауданында полиция қызметкерлері 200 грамм гашиш саудасына тосқауыл қойды. Шұғыл уәкілдер полиэтилен орамдарына салынған гашишті қолға түсірген адамның сыртқы киімінің ішкі қалтасынан тәркіледі. Терсеру кезінде белгілі болғанындай, жас адам есірткіні Шудан Алматыға сату үшін жеткізген.

Бүгінгі кезде Алматыға жеткізілетін жолдарды анықтау үшін полиция қызметкерлері кешенді шұғыл іздестіру шараларын жүргізуде. Ал қолға түскен екі күдіктіге қатысты аудандық ішкі істер басқармасында ҚР Қылмыстық кодекстің 259-бабының 4- тармағы (заңсыз дайындау, сатып алу, сақтау, тасымалдау, есірткі затын сату) бойынша қылмыстық іс қозғады. Екі күдікті уақытша тергеу қапасына тоғытылды. Тергеу жұмыстары жүргізілуде.