Алматыда есірткінің жаңа түрі көбейіп барады

Бұл камераға бет-әлпетін түсіруге қарсы болған 33 жастағы Виталий есімді нашақор. 18 жасынан бастап есірткіге тәуелді. «Легалканы» ол екі жыл бұрын достарымен бірге тартып көріпті. Содан бері, есірткінің жаңа түріне «байланып» қалған. Енді денсаулығы мен жұмысынан айырылып, ақыр соңында емделуге бел буыпты.

Виталий қазір нарколог мамандардың бақылауында. Есірткіге деген тәуелділіктен құлан-таза айығып кетуі үшін әлі де біраз уақыт ем алуы қажет. Наркологиялық орталықта Виталий сияқты ем алып жатқандар жетерлік. Барлығы да осы «Легалканы» артық мөлшерде қабылдап қойған.

Есіркінің бұл түрі, негізінен, Қытайдан келеді екен. Адамның жүйке жүйесін зақымдайтын «Легалканың» әсері наша, марихуана және героиннен 5-6 есеге артық. Оны қолданған адам есірткіге тез тәуелді боп қалады. Ақыл-есінен айырыла бастайды.


Айгүл Ембергенова, нарколог-дәрігер:

- Бір екі шеккеннен кейін сондай ауытқулар пайда болады. Науқастар өзіне лайық емес іс-әрекеттер жасайды. Мысалы терезеден секіріп кетеді, өз-өзіне қол жұмсайды. Біздің клиникада бір ер бала болған өзінің анасының көйлегін киіп далада жүреді. Бірдеңе десең алақ-жұлақ етіп, шөпке тығылып өзін жануар сияқты ұстайды.

Елімізде есірткінің жаңа түрін қоданатындар негізінен алматылық жастар екен. Оны пайдаланған нашақордан наркологиялық сынама алсаң да, есірткі шеккенін дәлелдей алмайсың дейді дәрігерлер. Сондай-ақ, «Легалканы» заңды деп ұғатындар да аз емес. Алайда оны пайдалануға кез-келген есірткі түрі сиякты заң бойынша тыйым салынған.