Алматыда ЕурАзЭҚ-қа қатысушы елдердің орталық банктері басшылары кеңесінің отырысы өтуде

Отырысқа Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Беларусь және Қырғызстан республикаларының Орталық банктерінің басшылары қатысуда. Кездесу жабық есік жағдайында өткізілуде. Күн тәртібіне сәйкес отырысқа қатысушылар ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің банк жүйесін дамыту бағдарламасын талқылап, аталмыш елдердің Орталық банктерінің бағалы қағаздар рыногіндегі іс-қызметі туралы , сондай-ақ, Қоғамдастыққа мүше елдердің қаржылық ұйымдарының іс-қызметіне қаржылық есептің халықаралық стандарттарын енгізу мәселесі бойынша өзара ықпалдастықты ұйымдастыру туралы сарапқа салады.

Сондай-ақ, шараға жиналғандар Орталық банктердің валюталық реттеу және бақылау саласындағы болашақ ынтымақтастық жоспарының жобасы туралы, сондай-ақ, ұлттық төлем жүйелерінің өзара ықпалдастық тетіктерін жетілдіруге қатысты мәселелерді талқыламақшы.
Күн тәртібіне шығарылған мәселелерге сәйкес Қоғамдастыққа мүше-елдердің банк саласындағы заңнамаларын үйлестіруге қатысты ЕурАзЭҚ Интеграциялық комитетінің 2004-2006-жылдарға арналған жоспарының жобасы мен ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің валюта саласындағы ынтымақтастық жөніндегі концепциясының жобасы қаралады.
Бүгінгі шара аясында сондай-ақ, Кеңестің 7-отырысы шешімдерінің орындалу барысы және кезекті 9-отырысты өткізу мәселелері де сарапқа салынады. ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің Орталық банктері басшыларының кеңесін құру туралы келісімге 2001-жылы Мәскеуде өткен кеңестің бірінші отырысында қол қойылған болатын. Кеңес ЕурАзЭҚ аясындағы тиімді ықпалдастықты қамтамасыз ету мақсатымен құрылған нұсқаулық сипаттағы шешімдер қабылдауға құқығы бар консультативтік -кеңестік орган болып табылады.
ЕурАзЭҚ-қа Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан республикалары қамтылады. Ал Армения, Молдова және Украина елдері Қоғамдастықта бақылаушы мәртебесіне ие.