Олардың арасында Асанәлі Әшімов, Жан Байжанбаев, Жанна Қуанышева, Әсел Сағатова, Асылхан Төлепов, Азиз Бейшеналиев, Берік Айтжанов, Валерий Николаев, Мария Берсенева, Анастасия Мельникова, Жанна Эппле, Ольга Дыховичная, Сергей Анашкин, Цзя Джанкэ, Ли Чхан Дон болды.
«Еуразия» ХКФ директоры, «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев басты награданы киноны дамыту ісіне қосқан үлесі үшін ресейлік және кеңестік кинорежиссер Сергей Соловьевқа тапсырды. Режиссер мүсіншені қазақстандық волейболдың жарқын жұлдыздарының бірі Сәбина Алтынбекованың қолынан алды.
Ресми салтанаттан кейін көрермендерге қазақ режиссері Шәкен Аймановтың «Атамекен» фильмі көрсетілді.
Еске сала кетейік, «Еуразия» ХКФ Алматыда 15-20 қыркүйек аралығында өтеді.
Конкурстық бағдарламаға биыл 12 картина енгізілді. Бұлар - «Тымық су беті» (Жапония), «Тастағы естелік» (Ирак), «Ауыр күн» (Оңтүстік Корея), «Онымен бірге» (Израиль), «Мандариндер» (Эстония), «Бота» (Албания), «Жылқылар және адамдар туралы» (Исландия), «Жұлдыз» (Ресей), «Танысуды ұйымдастырушы әйел» (Франция), «Ковбои» (Хорватия), «Тыныш... қыздар жыламайды» (Иран), «Дала дауысы» (Қазақстан).
Биылғы жылы фестиваль қазақ режиссері Шәкен Аймановтың жүз жылдығын мерекелеу ұранымен өтуде. Бағдарлама аясында «Жамбыл», «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры» фильмдері тегін көрсетіледі.