Алматыда франциялық оташы 7 жасар баланың есту қабілетін қалпына келтірді

Егорға жеті жасында созылмалы кохлеоневрит, IV дәрежелі екі жақты нейросенсорлық құлақ мүкістігі (саңырау) деген диагноз қойылған екен. Бүгін оның құлақ қуысына франциялық «Otikon Medical» компаниясының колеарлық имплантанты орнатылды. Дәрігерлердің айтуынша, отадан кейін баланың есту қабілеті 100 пайыз қалпына келеді.

«Ота сәтті өтті. Баланың есту қабілеті 100 пайызға қалпына келтірілді. Дегенмен, отадан кейін оған біршама уақыт сауығу ем-шаралары жасалады. Егордің енді сөйлеу қабілетін дамыту керек. Бұл бір жылдан екі жылға дейін уақыт алады», - деді қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Майя Большанова.

Оның айтуынша, мұндай ота аталмыш ауруханада тұңғыш рет жасалып отыр. Енді есту қабілетін қалпына келтіруге арналған мұндай имплантанттар аурухана базасында жиі қолданылатын болады. Операция «Digisonik SP Оticon Medikal жүйесін қолдану арқылы кохлеарлық имплантация жасаудың ерекшеліктері» тақырыбында дәрігерлер мен сурдологтарға арналған шеберлік сыныбы аясында жасалды.

Айта кетелік, Алматыдағы № 5 қалалық клиникалық аурухана құлақ, мұрын, жұтқыншақ, көмей ауруларының патологиясын емдеуге маманданған жалғыз республикалық орталық.