Алматыда гайморитін емдетпек болған жігіт клиникада көз жұмды

Алайда, емдеу процедурасы кезінде ол кенеттен қайтыс болды деп мәлімдеді KTK телеарнасы.

Марқұм Алексей Губенконың әйелінің айтуынша, 6 наурыз күні ол мұрындағы ауруды емдету үшін клиникаға кіріп кеткен екен. Ал, арада бірнеше сағат өткеннен кейін оның көз жұмғаны туралы қаралы хабар жеткен.

"Күйеуімнің қасында досы бар еді. Ол бірақ, емдеу кабинетіне кірмей, сыртта күткен. Оның айтуынша, Алексейдің алдымен мұрнын шайған, кейін ол процедура кабинетіне кіріп кеткен. Сол жерде оның денсаулығы күрт нашарлапты", - дейді Виктория Губенко.

Оның айтуынша, Алексейдің қандай да бір ауыр кеселі болмаған. Өлім туралы анықтамада оның тұншығып қайтыс болғаны жазылыпты. Алайда, неден тұншыққаны сол күйі көрсетілмеген. "Аман саулық" қоғамдық қоры өкілдерінің пікірінше, ер азамат анафилаксиялық шоктан қайтыс болуы мүмкін. Кей жағдайда антибиотик еккеннен кейін дәрі осындай кері әсерін тигізіп жатады екен.

Қазір Виктория Губенко ішкі істер органдарына және Денсаулық сақтау министрлігіне арыз жазып, медорталықтың жазалануын талап етіп отыр. Ал, марқұмды емдеген дәрігерлер болса сот-медициналық сараптама шықпайынша ешқандай пікір білдіре алмаймыз дейді.