Аталмыш турнирге 130-ға жуық ойыншы қатысуда, оның 100-і Еуропаның кәсіби ойыншылары болып табылады.
«Бұл турнир біздің қаламыз үшін жоғары маңызға ие. Біз еуропаның ең мықты ойыншыларын алтыншы рет қабылдап отырғанымызға қуаныштымыз», дейді қала әкімі Ахметжан Есімов.
European Challenge Tour директоры Алан де Соултре ойыншылардың бұл турнирге қатысу үшін Қазақстанға қуана келгендіктерін айтады. «Мұндағы гольф-алаңдары керемет жағдайда екендігі көрініп тұр. Аталмыш турнир Еуропада танымал бола бастады. Өткен турнирдің жеңімпазы италияндық Эдоардо Молинари бүгінгі күні нағыз жұлдызға айналып отыр. Сондықтан осы турнир жаңа есімдерді шығарып, дарынды әрі өте мықты ойыншы жеңімпаз атанатынына сенімдімін», дейді А.Соултре.
ҚР Ұлттық гольф федерациясының бас хатшысы Константин Лифановтың айтуынша, қазіргі таңда еліміздегі гольф ойыны қарқынды дамуда. «Жыл сайын «Нұр-Тау» мен «Жайлау» гольф-клубтары мен балалар академиясы мүшелерінің саны көбеюде", деп атап өтті К.Лифанов.
Турнирдің жүлде қоры 400 000 еуроны құрап, European Challenge Tour-дің ең ірі белестерінің бірі болып отыр. Сондай-ақ аталмыш турнирге қатысу үшін бұрыннан танымал теннисші Евгений Кафельников келіп отыр.
"Жайлау" гольф-курортының жалпы аумағы 82 гектарды құрайтын 18 алаңнан тұрады. Оның алаңы ТМД бойынша ең жақсы деп мойындалып, әлемнің тамаша гольф-курортарының каталогына енген.