Халықаралық күрес турнирін ҚР Туризм және спорт министрлігі ҚР Президенті аппаратының тапсырмасы бойынша ұйымдастырып отыр. Оған Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да алыс-жақын шетелдердің спорт командалары қатысады деп күтілуде.
Аталмыш турнир 2008 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұдан бұрын 2 жыл қатарынан Қапшағай қаласында өтіп келген жарыс биыл Республикалық спорт колледжіне ауыстырылды. Бәсеке 8 салмақ дәрежесі бойынша өтеді.
Бұл айтулы додада сонымен бірге, алдағы әлем чемпионатына берілер жолдамалар сарапқа салынады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ертеңгі жарыс күніндегі финалдық белдесулер алдында даңқты балуанға ас берілгелі отыр. Сонымен қатар Ш. Серіков күрескен 60 келідегі жеңімпазға арнайы сыйлық тағайындалған.
Шәміл Серіков - грек-рим күресінен 1978 жылғы Одақ чемпионы, сол жылғы Мехикода өткен әлем чемпионатының алтын жүлдегері, 1979 жылғы Еуропа чемпионы, АҚШ-тың Сан-Диего қаласындағы дүниежүзілік додада екі дүркін әлем чемпионы. 1980 жылғы Жақсылық Үшкемпіровпен бірге Мәскеу Олимпиадасының чемпионы атанды.
Даңқты балуан 1988 жылы қарашаның 22-де небәрі 32 жасында дүниеден озды.