Алматыда ІІ Халықаралық жастар мен студенттер фестивалі өтті

"Бейбітшілік әлемі" халықаралық қазақ шығармашылығы бірлестігінің аткарушы директоры және оның жанынан құрылған «Таланттар академиясы» оқу-кеңес орталығының президенті Аят Мәдібекұлының айтуынша, оған Алматы мен Қарағанды қаласындағы бірқатар жоғары және арнаулы оқу орындары мен Қырғыз елінің Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінде білім алып жатқан ауыл жастары қатысты. Олар авторлық туындыларды оқу, ән айтып, би билеу және мәнерлеп оқу сынды өнер салалары бойынша сайысқа түсті. Аса тартысты өткен өнер додасында Бішкек қаласының командасы мен Қарағандының 1-ші курс студенті Арай Тәуекелова дипломат атанды.

Іс-шараны ұйымдастырушы, елді елге қосып, халықтың ынтымақ-бірлігін нығайтуды мақсат тұтқан "Бейбітшілік әлемі" халықаралық қазақ шығармашылығы бірлестігі 2008 жылы құрылған. Алдағы уақытта, нақты айтқанда, 27-28 сәуір күндері Шоқан Уәлихановқа арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны өткізу жоспарда бар. Онда "Бейбітшілік әлемі" халықаралық қазақ шығармашылығы бірлестігінің президенті Әбен Нұрмановтың Шоқан Уәлиханов туралы бірнеше томдық ғылыми еңбегінің тұсауы кесілмек.