Алматыда инновациялық конгресс өтуде

Конгреске мемлекеттік басқару мекемелерінің өкілдері, жоғары технологиялық инновациялық жобаларды жүзеге асырушы қоғамдық ұйымдар мен кәсіпорындардың жетекшілері, түрлі елдердің грант таратушылары, халықаралық сарапшылар мен инвесторлар қатысуда.

Конгреске қатысушыларға арнаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың хатын республика үкімет басшысының орынбасары- индустрия және сауда министрінің орынбасары Сауат Мыңбаев оқып таныстырды.
"Инновациялар бүгінде ұлттық экономикалардың бәсекелестік қабілетін айқындайтын өзекті факторға, тұрақты экономикалық өсім мен ұлттың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ететін маңызды ресурсқа айналды. Инновациялық қызмет - ғылым, техника және технологияны дамыту мен оларды өндіріс және кәсіпкерлікпен интеграциялайтын лайықты құрал болып табылады",- делінген президенттің хатында.
Мемлекет басшысы елімізде қазіргі заманғы ұлттық инновациялық жүйені қалыптастыруға алғашқы қадамдар жасалғанын атап өткен. "Индустриялық-инновациялық даму стратегиясының аясында былтырдан бастап инновациялық қызметтің инфрақұрылымдары - ұлттық және аймақтық техносаябақтар мен венчурлық қорлар желісі құрылып, құқықтық ая жетілдіріліп, қолайлы экономикалық ахуал қалыптаса бастады",- деді ол.
Н.Назарбаев осынау бас қосудың қызғылықты пікір алмасу алаңына айналатынына, онда "Қазақстандағы инновациялық дамуға қатысты барлық өзекті мәселелер талқыланып, Ұлттық инновациялық жүйені одан әрі дамытуға қатысты нұсқаулар дайындалатынына" сенім білдірді.