Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Елшілігі мәдени өкілдігі мен Өнер академиясының ұйымдастыруымен ашылған көрмеге Иран елінің мозаика, керамика, ағаш ою, жазу-каллиграфия, миниатюра өнерінің ең таңдаулы деген 80-ге жуық экспонаты қойылды. Оның ішінде кәсіпқой өнер шеберлері - суретші -миниатюршы Парасту Хаддадидің, көркем жазу шебері Митра Сетаре Собхтың, ағаш өнері шебері Назила Беманианның туындылары көрермен назарына ұсынылды. Қазақстанға арнайы келген ирандық танымал өнер шеберлері тұңғыш рет бес күн бойы академия студенттеріне шеберлік дәрістер өткізетін болады. Көрме жұмысы мен шеберлік дәрістер 8 ақпанға дейін жалғасады.
Көрменің ашылу салтанатына Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Горбан Сейфи, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры Арыстанбек Мұхамедиұлы, қазақстандық өнертанушы ғалымдар, ирантанушылар, студенттер мен өнерсүйер қауым өкілдері қатысты.
Ашылу салтанатында Горбан Сейфи мырза: "Бүгінгі шара Иран мәдениеті мен өнерін таныстыру мақсатында арнайы ұйымдастырылып отыр. Бұл осымен Фаджр онкүндігі аясында ашылып отырған екінші көрме. Әдебиет пен өнер екі ұлттың бір-бірін жақсы біліп, тануына, жақынырақ танысуына таптырмайтын негізгі құрал. Құдайға шүкір, екі ел мемлекетінің халықтары ортасында көнеден келе жатқан әдеби, тарихи, мәдени, діни ортақтастық, бауырластық бар. Және ол әлі де жалғасын тауып келе жатыр. Өткізіліп жатқан шаралар осы қарым-қатынасымызды әрі қарай нығайтып, бекемдеуге өз әсерін тигізеді деп ойлаймыз",-деп атап өтті.
Өз кезегінде академия ректоры Арыстанбек Мұхамедиұлы: "Бұл біздің Иран елшілігімен ұйымдастырып жатқан бірінші шарамыз емес. Байланысымыз екі жылдан бері орнаған. Осы уақытқа дейін Өнер академиясында танымал Иран шеберлерінің қатысуымен көптеген көрмелер, шеберлік дәрістер ұйымдастырдық. Біздің ұстаздар мен студенттер тәжірибе алмасу мақсатында Иран елінде де болып қайтты. Біздің жұмыстар ирандық шеберлер тарапынан жоғары бағаға ие болып жатыр. Біз алдағы уақытта осылай, екі ел арасында бірілігіміз, ынтымағымыз жараса берсін дегіміз келеді",-деді.
Көрменің ашылу салтанаты ирандық "Парсаваш" ансамблінің арнайы дайындаған концертімен жалғасты.