Алматыда ірі жол апатын жасаған прокуратура қызметкеріне айыппұл салынды

ҚР Бас прокуратурасы Алматыда Gelandewagen мен автобус соғысқан сәтте зардап шеккендерге көңіл білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

"Бас прокуратура Алматыда тізгінінде прокуратура қызметкері отырған "Mercedes Benz G400" көлігінің жол апатына ұшырауынан зардап шеккендерге көңіл білдіреді. Ол қызметкерге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабының 2-бөлігі бойыша әкімшілік хаттама толтырылды", - деді ҚР Бас прокуратура өкілдері.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610-бабының 2-бөлігінде - "Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң белгiленген қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне әкеп соққан бұзушылығы", жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зиян келтiруге әкеп соққан дәл сол әрекет - 15 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде (35 000 теңге) айыппұл салуға және бiр жыл мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғатыны көрсетілген.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Алматы полициясы ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 1-бөлігі бойынша ("Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы") сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

"Cонымен қатар, ішкі тергеу жұмыстары басталды және біз осы жол-көлік оқиғасына қатысты объектив зерттеу жүргіземіз деп кепіл береміз", - деді бас прокуратурадағылар.

Ал осыған дейін автобуспен соғысқан Mercedes-Benz G-класс тізгінінде Алматы прокуратурасының қызметкері болғаны анықталған еді. "Шынымен де Mercedes-Benz G-класс тізгінінде Алматы прокуратурасының қызметкерлерінің бірі болған, ол 2017 жылдың 2 мамырынан бастап еңбек демалысында жүрген", - деп хабарлаған еді Алматы прокуратурасындағылар. Сондай-ақ, кейінірек Gelandewagen мен автобус соғысқан сәт түсірілген видео пайда болған еді.

Қазіргі уақытта Алматы прокуратурасының ішкі қауіпсіздік қызметі қызметтік тексерісті бастап кетті. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен екі жасар қыз, қалалық құзырлы органның мәліметінше, жол талғамайтын көліктің салонында болған. Оның жағдайын дәрігерлер ауыр деп бағалаған, ол кеуде тұсынан жарақат алып, бассүйек миы зақымдалған. 


Алматы прокуратурасының мәліметінше, 11 мамырда Mercedes көлігі Райымбек даңғылымен шығыс бағытта келе жатып, Потемкин көшесімен (Тілендиев көшесіне жақын маңда) қиылысатын жерде оңға маневр жасау кезінде № 63 бағытында жүретін Yutong маркалы автобусқа соғысқан. Қоғамдық көлік те шығыс бағытқа арнайы автобустарға арналған жолақпен кетіп бара жатқан. Жол-көлік оқиғасының салдарынан қоғамдық көліктің 17 жолаушысы және Mercedes автомобилінің ішінде отырған сәби әртүрлі жарақат алған. Зардап шеккендердің барлығы қалалық ауруханаларға жеткізілді.

Жол апаты дерегіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы ("Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы") бойынша жүргізіліп жатыр.  

Еске салайық, бүгін жол-көлік оқиғасы Райымбек даңғылының бойында Тілендиев көшесімен қиылысқан тұста болды. Көптеген куәгерлердің айтуынша, № 63 бағытында жүретін қоғамдық көліктің жүргізушісі шығыс бағытта автобустарға арналған арнайы жолақпен келе жатқан. Осы бағытта келе жатқан Mercedes-Benz G-класс Тілендиев көшесіне жетпей Потемкин көшесіне өту үшін дереу бұрылған. Соғысу салдарынан Mercedes-Benz G-класс 20 метрге ұшып кеткен, ал жолаушылар автобусы бағанға соғысқан. Алдын ала мәліметтер бойынша, жол апатының салдарынан 15 адам зардап шеккен, оның ішінде автобустың да, жеңіл көліктің де жүргізушісі бар. Барлығы ауруханаға жеткізілген.