Қалыптасқан дәстүрге сәйкес, Форум жұмысын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашады. Сондай-ақ, Солтүстік Атлантикалық Альянстың бас хатшысы Яаап де Хооп Схеффер, ЕурАзЭҚ бас хатшысы Григорий Рапота, "Нью-Йорк таймс" компаниясының вице-президенті Майкл Голден, Еуразиялық МедиаФорумды ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева сынды ресми өкілдер форумға қатысып, сөз сөйлейді.
Форумға жетекші халықаралық және аймақтық БАҚ-тардың өкілдері, танымал саясаткерлер, үкіметтік емес ұйымдар мен іскертоп өкілдері қатысады.
Форумға қатысушылар лаңкестік әрекеттер туралы ақпараттар тарату мәселесі бойынша пікірталас өткізіп, медиа-заңнамалар тақырыбын талқылайды. Сондай-ақ "Журналистика және жарақат" тақырыбы қозғалып, онда қарулы қақтығыстар тақырыбы бойынша қалам тербейтін журналистер арасындағы жан жарақатына қатысты стресс феномені сарапқа салынбақшы. Сонымен қатар "Азиядағы трагедия", "Интернет аймағын жуасыту", "ВИЧ/СПИД проблемасын БАҚ арқылы жариялау проблемалары", "Араб тіліндегі БАҚ-тар феномені" деген тақырыптар бойынша пікірталастар өрбітіледі. Форум аясындағы тағы бір отырыс "Саяси және іскерлік брэндинг" тақырыбына арналмақшы. Кездесуге қатысушылар бұған қоса бағасы төленген жарнамалық материалдарды жария етудегі БАҚ-тардың заңнамалық және моральдық жауапкершілігінің деңгейін анықтайды. Ал форум аясындағы тоғызыншы отырыс бұрынғы Кеңестік кеңістіктегі төңкерістер тақырыбын қаузайды.