Алматыда IV Еуразиялық шығармашылық форум өтті

Форумды Caspian University ректоры Жолдасбек Нүсенов ашып, қонақтарымен амандасып, баяндамашыларға алғыс білдіріп, сәттілік тіледі. Спикер жиналғандарға Еуразиялық шығармашылық форумның тарихын айтты.

Ол форум Еуразиялық ғылыми-мәдени кеңістікті нығайту үшін ғалымдарды, шығармашылық қайраткерлерді, бизнес және мемлекеттік құрылым өкілдерін біріктіру мақсатында өтіп жатқанын атады.

«Форум еуразиялық қоғамдастықтың шығармашылық және ғылыми интеграциясы мен идеялар алмасу үшін ортақ платформа құруға жаңа алғышарт жасайтынына сенімдімін. Бұл жерде университеттердің еуразиялық мемлекеттердің бірыңғай гуманитарлық, ғылыми және білім беру кеңістігін нығайтуға қосқан үлесі ерекше маңызды», - деді Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөзінде.

Форум аясында «Еуразиялық этнодизайн: мәдени мұра және қазіргі заманғы үрдістер» және «Заманауи ғылым мен технологиялардың дизайны» атты екі панельдік сессия жұмыс істеді. Оның қорытындысы бойынша форум қарары қабылданады.

Іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Еуразиялық шығармашылық одақтың президенті Карина Сәрсенова тағайындаған «Ерекше жетістіктер» Еуразиялық халықаралық сыйлығымен марапаттау рәсімі өтті. Марапатты Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Алматы қаласындағы өкілдігінің директоры Сергей Тоқтаров табыстады. Қазақстан, Үндістан және Ресейдің көрнекті ғалымдары мен өнер қайраткерлері оның иегері атанды.

Қатысушылар екінші күні Caspian University тарихи-этнографиялық музейіне және Есік қаласындағы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне барды.