Осыған байланысты өткен баспасөз мәслихатында осы жобаның авторы әрі басты демеушісі «Парыз» қоғамдық қайырымдылық қорының президенті Ерлан Стамбеков жаңа қосымшаның ерекшеліктеріне тоқталды.
«Бұл мобильді қосымшаны отандық бағдарламашылар жасап шығарған. Оны жасаудаға басты мақсат - елімізде кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыруға барынша қолайлы жағдай жасау. Бұл қосымша кәсіпкерлердің нағыз сенімді көмекші құралы бола алады. Онда бизнестің қауіпсіздігі, мемлекеттік органдар тарапынан болатын тексерулер, қаржы көздері, кәсіпкердің және оны тексеруші органдардың құқықтары мен міндеттері, тауарды сату секілді бизнеске қажетті маңызды бөлімдер бар. Сонымен қатар, осы мобильді қосымшада кәсіпкерлермен жұмыс істейтін барлық мемлекеттік органдардың, ондағы шенеуніктердің жұмыс және ұялы телефондары жазылған. Олар үнемі жаңартылып отырады. Мобильді қосымша әзірге ақпараттық және танымдық қызмет атқарады. Бірақ, біз болашақта оны үздіксіз дамытып отыратын боламыз» - деді Е. Стамбеков.
Айта кетелік, мобильді қосымша тегін. Оны App Store, Google play және Windows Market секілді ақпараттық технологиялар «дүкендерінен»
жүктеуге болады.
Мобильді қосымша әзірге қазақ және орыс тілінде жұмыс істейді. Дегенмен болашақта ұйымдастырушылардың айтуынша, ол ағылшын және Кедендік одаққа мүше елдердің мемлекеттік тілдерінде де жұмыс істейтін болады.