Алматы қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің шұғыл әрекет етуші бөлімінің бастығы Мұрат Жұматаевтың түсініктемесіне сәйкес, вагон жөндеу зауытының балқыту цехының 150 шаршы метр аумақты алып жатқан шатыры жұмысшылар түскі асқа шыққан кезде құлаған. Соның салдарынан жеті адам зардап шегіп, бес адам ауруханаға жеткізілді. Екі адам ауыр жағдайда. Зардап шеккен тағы екі адамға оқиға орнында көмек көрсетілді. М.Жұматаевтың айтуынша, "жалпы балқыту цехында 28 адам жұмыс істеген. Шатыр түскі ас кезінде құлауға байланысты, бақытқа қарай, зардап шеккендердің саны аз болды".
Балқыту цехының ғимараты 1943-жылы салынған. Содан бері бұл ғимарат жөндеу көрмепті. Алғашқы байқау көрсетіп бергеніндей, ғимарат толықтай жарамсыз күйге көшкен, деді М.Жұматаев.
Оқыс оқиғаның себеп-салдарын зерттеу үшін арнаулы комиссия құрылмақ. Қазір цех ғимараты жабылып, тоқтан ажыратылды. "Зауыттың жұмысы біржола тоқтатылуы мүмкін",- дейді М.Жұматаев.