Алматыда қазақстандықтарды Украинадағы соғысқа шақыратын жарнамалар тарады: Полиция тергеу бастады

 Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Алматыдағы сауда орталығында Легион “Свобода России” ұйымының плакаты пайда болып, онда сарбаздарды жинау басталғаны айтылған.

“Үйіңе жеңімпаз болып орал. Легион “Свобода России” рекруттардың жаңа жиынын ашады”, – делінген жарнамада.

Полиция мән-жайды анықтап жатқанын мәлімдеді. 

"Бұл факті бойынша тергеу жүріп жатыр. Мән-жай анықталады", – деді Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

“Свобода России” – Украина жағында соғысатын ресейліктердің тәуелсіз әскери бөлімі. Ұйымды Киев қаржыландырады деген ақпарат бар

Елімізде шетелдегі соғыстарға қатысқандар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қылмыстық кодекстің 172-бабы “Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу” бойынша бұл үшін 5 жылдан 9 жылға дейін жаза көзделген.