Алматыда кеденшілер Қытайдан келген сәлемдемеден есірткі тапты

Қалалық кедендік бақылау департаментінің инспекторлары шекара арқылы тыйым салынған заттардың өтуіне жол бермеу үшін шетелден келген хат-хабар, сәлемдемелерді тексеру барысында «DHL» фирмасының уақытша сақтау қоймасына келген жәшіктің ішінде күдікті ұнтақ салынған 4 полиэтилен пакет бар екенін анықтап, полиция шақырған.

Сарапшының қорытындысына сәйкес, табылған ұнтақ зат марихуананың аналогы болып саналатын JWH тобына жататын синтетикалық каннабиноид болып шықты. Тәркіленген заттың нақты салмағы 264,8 грамды құрады, деп мәлім етті дереккөз.

Қала полициясы есірткінің табылу фактісі бойынша тергеу шараларын бастады.

Құқық қорғау органдары синтетикалық есірткі Алматы ІІД мен КБД «Допинг» республикалық оперативті-алдын алу шарасының екінші кезеңінің аясындағы бірлескен рейді кезінде табылғанын хабарлады.