«Алматы жанармай стансаларындағы жанармай тапшылығы мәселесін шешу үшін әкімдік пен Энергетика министрлігі бірқатар шаралар қабылдады. Бүгінде орталықта «Гелиос», «Синойл», «Қазмұнайгаз» желілік ресурстарында 15 тонна жанармай көлемінде операциялық қор бар. Бұл қор 8-10 күнге жетеді. Сондай-ақ, ұсақ бөлшек желілерінде 2-3 күнге жететін қор бар», - деді А.Мәдиев.
Оның айтуынша, Энергетика министрі қала басшылығына қажетті жанармай қорымен қамтамасыз етеміз деп уәде еткен.
«Табиғи монополияларды реттеу комитетімен біріге отырып қала әкімдігі жанармай стансаларында рейд жүргізеді. Өйткені, стансалар жанармайдың жалған тапшылығын тудырып, қоймаға тығып қоймай, қала халқын қамтамасыз етуі керек», - деді ол.
Айта кету керек, қазіргі таңда қалада бірқатар стансалардың желілерінде ең өтімді АИ-92 маркалы жанармай тек талонмен беріліп жатыр.