Алматыда Кенесары хан туралы деректі фильмнің түсірілімі басталды

«Дайындық жұмыстары биылғы жылдың 28 ақпанында басталды. Түсірілімдер Алматы қаласының аумағында, Қаскелен және Медеу мұз айдыны маңында өтетін болады. Кенесары ханның рөлін Ерлан Мұсатай сомдаса, ал оның апайы Бопай рөлін Лондонда тұратын Айға Жәміл ойнайтын болады. Фильмді түсіру сәуір айының аяғына дейін жалғасады. Премьераны биылғы жылдың жазында қоюды жоспарлап отырмыз»,-деді деректі фильмнің режиссері М.Қоңыров.

Марат Қоңыров бұған дейін «Каждый взойдет на Голгофу», «Потерянный рай» фильмдерімен танымал болған.

Кене хан - Кенесары Қасымов (1802-1847) -қазақтың сұлтаны, Орта жүздің ханы және ол қазақтың ең соңғы ханы мен Абылай ханның немересі болып табылады. 1841-47 ж.ж. билік құрған. Қазақ халқының патшалық Ресейге, Қоқан және Хиуа хандықтарына қарсы жүргізген ұлт-азаттық күресін басқарушы.1841 жылы үш жүздің рулық кеңесінде Кенесары Қасымов хан болып сайланады.

Кенесары хан қазақ халқының салт-дәстүрін сақтай отырып, халықты бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күреске жұмылдыра білді, оның саясаты мен идеологиясы ұлттың даму жолындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталды. Кенесары Қасымұлы «мемлекет тәуелсіздігінің» өте маңызды іс екенін халық санасына құюда қыруар еңбектер атқарды. Ол Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы күрестің басында тұрған тұлға.