Хабиба апай қара шаңырақ - М.Әуезов атындағы театрда 1935 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келеді. Сахнада ұлттық құнары мықты көптеген рөлдерді сомдаған апайымыз қазіргі күні жасына және денсаулығына байланысты сахнаға шықпағанымен, сол ұжымның қадірлі адамы, театрдың анасына айналған.
Кеш барысында кейуана сонау Кеңес үкіметінің құрылған жылдарындағы қиын-қыстау кезеңдерді, ашаршылық жайлаған қазақ даласының ауыртпалығын басынан өткеріп, туған-туыстарынан айырылғандығын және сол кездегі қазақ театр өнерінің ауыр халі жайында баяндап өтті. «Сонау жылдары қиыншылықты талай көрсем де қазақ өнерінің ұлы тұлғаларының көзін көріп, олардан тәрбие алғанымды бақыт санаймын», - дейді Х.Елебекова.
Сондай-ақ кездесу кезінде белгілі актриса М.Жұмабаевтың, Ш.Құдайбердиевтің шығармашылықтарына тоқтала келе, олардың өлеңдерін оқып, ол шығармалардың шығу тарихынан сыр шертті. «Кеңес үкіметі тұсында араб қаріптерімен жазылған оқулықтарды оқуға тыйым салынған, дегенмен Мағжанның, тағы басқа ақындардың кітаптарын сөмкемізге арқалап жүріп оқитынбыз», - деп атап өтті Кейуана.
Кешке актрисаның туған-туыстары, достары, қызметтес болған ұжымы мен шәкірттері құттықтай келіпті.
Хабиба Қарақбайқызы Елебекова 1916 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Томар ауылында дүниеге келген. 1934-1935 жылдары Қарқаралыдағы жергілікті халық театрында қызмет істеген. 1935 жылдан Қазақ драма театрында актриса. 1935-1937 жылдары осы театр жанындағы студияны бітірген. Елебекованың театр сахнасында сомдаған алғашқы рөлі - Қарагөз (Ж.Шаниннің "Арқалық батыр" спектаклінде). Актрисаның ойнаған рөлдерінің жалпы саны 100-ден асады. Олардың ең көрнектілері - М.Әуезовтің "Абайындағы" Қанікей, Ұлжан, "Қарақыпшақ Қобыландыдағы" Күнікей, Ғ.Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш - Баян сұлуындағы" Мақпал, Б.Майлин мен Ғ.Мүсіреповтің "Амангелдісіндегі" Қырмызы, Б.Майлиннің "Майданындағы" Мамық, Қ.Аманжоловтың "Досымның үйленуіндегі" Айғаным, Иран-Ғайыптың "Естайдың Қорланындағы" Айнаш, т.б. Сондай-ақ, Елебекова - белгілі әнші, жұбайы Ж.Елебеков туралы "Үні кетпес құлақтан" (1981), "Ән-Аманат" (1989), "Қайран Жүсекем" (1998) кітаптарының авторы.