Байқау Қазақстанның хореографиялық білімінің дамуына зор үлес қосқан, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қарлығаш Мырзаханованы (1956-2011) еске алу құрметіне арналады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында аталмыш шараны ұйымдастырушылар мәлім етті.
Естеріңізге сала кетейік, «Өрлеу» байқауы ҚР Тұңғыш Президентінің қоры мен А.В. Селезнев атындағы хореография училищесінің ұйымдастыруымен және қала әкімдігінің қолдауымен 2010 жылдан бері өткізіліп келеді. Шараның мақсаты - ұлттық хореография саласының білімін, өнері мен мәдениетінің дәрежесін көтеру, классикалық, халық және заманауи билердің орындаушылық шеберліктерін жетілдіру, халықаралық шығармашылық ынтымақтастықты дамыту болып табылады.
Осымен үшінші рет өткізілгелі отырған би байқауына Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрік елінің хореография училещелерінен келген 100-ден аса оқушылары қатысатын болады. Олар үш күн бойы классикалық, халықтық-сахналық би түрлері бойынша сынға түседі. Байқауға қатысушы бишілердің өнерлерін әлемдік балет өнерінің атақты қайраткерлері, биші, балетмейстерлері, хореографиялық оқу мекемелерінің педагог-хореографтары бағалайтын болады. Әділқазылар алқасының төрағасы - ҚР халық әртісі, атақты биші Болат Аюханов.
Ең үздік жас балет әртістерінің есімдері 30 наурыз күні белгілі болады. Шара үздік нөмірлерден құралған Гала-концертпен аяқталмақ.
"Байқау Қазақстанның әлемдік аренада бәсекеге қабілеттілігі мен беделін көтеруге, ұлттық халықтық және классикалық би дәстүрін дамытуға, қазақстандық жас бишілердің орындаушылық шеберліктерін арттыруға, сондай-ақ жас биші жұлдыздарымызды анықтауға ықпал етеді", - деді баспасөз мәслихатында ҚР халық әртісі Болат Аюханов. Оның айтуынша, мұндай халықаралық шара ең алдымен қатысушыларға өзара шығармашылық тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік бермек.