Алматыда хореографиялық оқу орындарының І-ші халықаралық фестивалі өтіп жатыр

Кеше кешкісін Алматыда аталмыш шараның салтанатты ашылуы болып өтті. Алғашқы фестиваль сахна пердесін «Ер Төстік» ұлттық балалар балетімен ашты.

«Фестиваль ұлттық хореография саласының білімін, өнері мен мәдениетінің дәрежесін көтеруге, халықаралық шығармашылық ынтымақтастығының дамуына және классикалық, халық және заманауи билер орындаушылық шеберліктерін жетілдіруге ықпал ететіні сөзсіз»,-деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Майра Қадырова шараның ашылу салтанатында.

ҚР халық әртісі, атақты биші Болат Аюхановтың айтуынша, фестиваль ең алдымен қатысушыларға өзара шығармашылық тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік беретін алаң.

ҚР Тұңғыш Президентінің қоры мен А.В.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің ұйымдастыруымен басталған фестивальға өз елімізбен қатар, Ресейдің, Қырғызстанның және Өзбекстан елінің хореография училещелерінен келген 100-ден аса оқушылары, сонымен қатар, әлемдік балет өнерінің атақты қайраткерлері, биші, балетмейстерлер қатысуда.

Үш күндік фестивальдің бірінші және екінші күндері балет өнерінің сахна шеберлері оқушыларға классикалық, халықтық-сахналық, дуэттік-классикалық би түрлері және қазіргі заманғы хореография бойынша шеберлік сыныптар өткізетін болады. Ал, үшінші күні «Қазіргі хореография саласындағы би дамуының беталысы» деген тақырыпта педагогикалық конференция өтеді. Онда классикалық, ұлттық, қазіргі заманғы бидің даму барысы талқыланбақ.

«Тұңғыш рет өткізіліп отырған хореография фестивалі ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Алматы хореография училищесінің бұрынғы директоры, жақында марқұм болған Қарлығаш Мырзаханованы еске алу құрметі ретінде өткізіліп отыр. Өйткені, фестивальді өткізу бастамасын сол кісі көтерген болатын»,-деді шара ұйымдастырушыларының бірі, АХУ-дің педагог-хореографы Анвара Садықова.