Алматыда кісі өліміне қатысты қылмыстың ізі суымай ашылды

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, аумақты кешкілік тексеруге шыққан қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері ғимараттың холлынан бір агенттіктің директорын қансырап жатқан жерінен тапқан. Олар қылмыс орнына бірден жедел жәрдем мен полиция қызметкерлерін шақырған.

"Келген кезде тілшілік белгісін бермеген адамның жарақат салдарынан өлім құшқанын дәрігерлер тіркеді. Кісі өлтіруге қатысы бар күдіктіні ізі суымай ашуға мүмкіндік туды. Қылмыскер дәретханада жасырынып отырған", - дейді Алматы қалалық ІІД-нің криминалдық полициясы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Амангелді Шідерқұлов.

Оның айтуынша, ұсталғаннан тінту кезінде тәртіп сақшылары қылмыс қаруы - пышақты тауып тәркіледі. Шағын аңшы пышағында қан дақтары болған. 30 жастағы еркек бірден істеген ісін мойындады. Оның айтуынша, өлген адаммен ол бірнеше апта бұрын бір дәмханада танысқан. Мерекелерді ұйымдастыру агенттігінің директоры өз мекемесінен жұмыс ұсынған.

"Сол күні олар кездесуге уағдаласады. Күдіктінің айтуынша, ол келіссөздерге күндіз келуге ниет білдіргенімен, қолы бос емес екенін алға тартқан жәбірленуші одан кешкі сағат 9-да келуді сұрайды. Күдікті директордың жұмыс бөлмесіне кірген кезде соңғысы оны жыныстық қатынасқа итермелеуге талпынған. Оған жауап ретінде күдікті пышақ шығарып, директорды бірнеше мәрте пышақтап алған", - деді А. Шідерқұлов.

Сот-медициналық сараптама қорытындысы еркектің іші мен мойнынан жарақаттану салдарынан өлгенін анықтады.

Тәртіп сақшыларының хабарлауынша, "ұсталған бұдан бұрын заңға қайшы әрекет жасамаған". Тергеу аяқталғанға дейін жігіт уақытша тергеу абақтысына тоғытылды, оған ҚР Қылмыстық кодексінің кісі өлтіру жөніндегі 96-шы бабы бойынша айып тағылды.