Былтыр басталған қылмыстық іске араға жарты жылдан астам уақыт салып, бүгін ғана соңғы нүкте қойылды. Алмалы аудандық соты қайғылы оқиғаға гранатаның шын жарылғыш зат екенін білмей, қаннен-қаперсіз сабақ өткен Ғабит Қарабалаевты кінәлі деп тапты.
-Қарабалаев 2 жылға сотталып жазасын жалпы режимдегі түрмеде өткізсін.
Ал жарылған гранатаны о баста оқу мекемесіне қабылдап алған Юрий Гавриленко мен осы іске қатысы бар тағы бір мұғалім Серікбай Баймолдин түрмеге қамалмайды. Олар тек айыппұлмен шектелмек. Ұстаздарының аман құтылғанын естіген студенттердің де, ағайын-туыстарының да қуанышында шек жоқ.
Үкіммен тек сол жарылыста қаза болған Светлана Яковлеваның ата-атасы келіскен жоқ. Шын гранатаны оқу құралы ретінде қабылдап алған Гавриленко жазалануы керек дейді олар. Қарабалаевтың қамалғанын адвокаты тіпті заңсыз деп отыр.
Қолғанат Қабанбаева, Ғ.Қарабалаевтың адвокаты:
-Жартылай ауыр қылмыстар бойынша, егер жәбірленушілер кешірім берсе дейді, онда қылмыскерді бас бостандығынан айыруға болмайды деп көрсетілген. Ал, судья болса 104-баптың бірінші бөлігі бойынша Трубникова оны кешіріп тұрса да бір жылға шейін бас бостандығынан айрылады деп айтты. Ол дұрыс емес.
Сән және дизайн колледжіндегі жарылыс былтыр 17-ші қарашада болған. Алғашқы әскери дайындық сабағының үстінде қол гранатасы жарылып, 12 студент жаралады. Ал 16 жастағы Светлана Яковлева сол жерде жан тапсырған.
Жазадан құтылған Гавриленко мен Баймолдин үшін әлі 1 миллион теңгедей айыппұл төлеу міндеті тұр. Одан бөлек, айыпты деп танылған 3 азаматтың әрқайсысы 26 мың теңгеден сот шығынын өтеуі тиіс. Ал екі жылға бас бостандығынан айрылған Ғабит Қарабалаевтың адвокаты сот шешімін орынсыз деп, қайтадан шағым түсірмек.
Loading...