Алматыда колледждегі жарылыста қаза тапқан қыз жерленді

Қаралыжиынға кілең бала келген. Бәрі де күні кеше ғана студент атанған жасөспірімдер. Жас та болса қайғыдан қан жұтқан ата-ананы демеп, қасында жұбатып жүр. Көршілер де осында. Гранатадан жарылған денені көріп, жағаларын ұстаған.

- Байғұс қыздың денесі қатты зақымданыпты. Арқасының сау-тамтығы қалмаған. Граната жарылғанда қашып үлгермегені көрініп тұр.

Светлана 5 ай бұрын 16 жасқа толған екен. Туған күнді бірге тойлаған сыныптастары құрбыларының табанасты өліміне ұзақ сене алмай, тек табыты жабылғанда ғана егіле жылап, ал онсыз да есеңгіреген әке есінен танып қалды.

Жас қыздың өмірін қиған төтенше оқиға осы аптаның басында болған еді. Сән және дизайн колледжінде граната жарылып, балалар ғимаратты тастай қашқан. Қан араласқан аласапыранда 12 оқушы ауыр жараланып, жарылыс болған сыныптан Светлана Яковлеваның мәйіті шықты.


-Спортзалға қашыңдар! Тез.

Соңғы мәліметтер бойынша, жараланған 12 студенттің 5-уі әлі де ауыр жағдайда. Тек үшеуі ғана есін жиған екен. Қалғаны аппараттың көмегімен тыныс алып жатыр. Әзірге бұл оқиғада жалғыз күдікті - алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Ғабит Қарабалаев қана. Оқушылардың үрейін ұшырған оқиғадан соң ұстаз бірден тергеу абақтысында тоғытылды. Абайсызда кісі өлімі мен заңсыз қару сақтау фактілері бойынша 2 бірдей қылмыстық іс қозғалғанымен, арада екі тәулік өтсе де, қауіпті гранатаның нақты қайдан келгені анықталған жоқ.