Алматыда 21 адам көпқабатты үйде болған өрттен құтқарылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық ТЖД ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетоваға сілтеме жасап.
ТЖД мәліметінше, сағат 20.01-де 101 пультіне Әуезов ауданындағы төрт қабатты үйдің бірінші қабатынан өрт шыққаны жайлы хабарлама келіп түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына сағат 20.12-де барған. Өрттің төрт қабатты үйдің бірінші қабатындағы асүйден шыққаны белгілі болды. "Барлығы 21 адам құтқарылды, олардың сегізі - балалар. Сондай-ақ, 15 адам эвакуацияланды", - деді ТЖД ресми өкілі. Өрт сағат 20.30-да ауыздықталып, сағат 20.47-де сөндірілді. Өрттің аумағы 15 шаршы метрді қамтыды.